Алматыда индустрияландыру мен кәсіпкерлік мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті
АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қала әкімінің қатысуымен индустрияландыру мен кәсіпкерлік мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл мәжілісте екі мәселе қаралмақ. Біріншісі, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған индустрияландыру картасы туралы. Онда бұл жайында түсіндірме беріледі. Екіншісі, шағын және орта бизнеспен жұмыс. Шілденің 1-і күні шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторидің мерзімі аяқталады. Бұл туралы бүгін құзырлы орган басшыларының есебін тыңдайтын боламыз», деді қала әкімі Ахметжан Есімов. «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, Елбасы тарапынан 5 жылдық жоспарлауға көшу бастамасы көтеріліп, индустрияландыруды жеделдету бағдарламасының аясында қазір Үкімет индустрияландыру картасын құруда. Мұнда өндірістік күшті бөлуді теңестіру және нақты жобаларды мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету көзделген. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде индустрияландыру картасы жобасының құжаттары жасалған. Сондай-ақ «Атамекен одағына» нақты жобаларды жинау тапсырылған.