Алматыда «Ине. Ремикс» фильмінің тұсаукесері өтеді

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Қыркүйектің 10-ы күні Алматыдағы New stars клубында жерлесіміз, белгілі режиссер Рашид Нұғмановтың «Ине. Ремикс» фильмінің тұсаукесері өтеді. Басты рөлін Виктор Цой сомдаған «Ине» фильмінің жалғасын еліміздің кинотеатрлары қыркүйектің 16-сынан көрсете бастайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Рашид Нұғманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Фильм желісі бойынша 1989 жылғы Иненің бас кейіпкері Моро алаяқ Спартактан қарызын қайтару үшін Алматыға оралып, ескі махаббаты Динаның үйіне түседі. Өкінішке орай бұрынғы құрбысы есірткіге тәуелді болып, үйі жын ойнаққа айналған болып шығады. Моро құрбысын Арал теңізіне алып кетіп, есірткіден ада қылады. Алайда Алматыға қайта оралған бетте Дина ескі әуеніне басады. Моро есірткі тасымалдаушылармен күресуге бел буады. Алайда олар үлкен қылмыстық топ болып шығады.

Рашид Нұғмановтың айтуынша фильмді түсіруде «Ине» фильмінің пайдаланылмай қалған кадрлары алынған. «Фильм үшін кейіпкер іздеген жоқпыз. Басты рөлде Виктор Цойдың өзі, оның кейіпкерін тірілту үшін біз Ине фильміндегі ескі кадрларды пайдаландық, зергерлік монтаж, графика тәсілдерін қолдандық. Сондай-ақ Инеде ойнаған ескі кейіпкерлерді қайта түсірдік. Бұл фильм досым Виктор Цойдың мәңгі тірі екенін айту үшін жасалынды. Иненің соңғы кадрларында Моро өлген сияқты көрініс береді. Алайда Ине ремиксте біз оны Алматыға оралттық және фильм соңында да тірі қалады. Сол сияқты Виктор Цой да мәңгі тірі» дейді белгілі режиссер. Фильмде басты рөлдерді Александр Баширов, Петр Мамонов, Марина Смирнова сынды Ресей киносының жұлдыздары сомдаған. Сценарийінің авторы, продюсері, режиссері Рашид Нұғмановтың өзі болса, Қазақстан тарапынан Бақыт Ниязов қосымша продюсер болған. Фильмнің саунд трегі үшін соңғы 20 жылда бас қоспаған Виктор Цойдың «Кино» тобы қайта бас қосыпты. Олардың орындауындағы бірнеше ән фильмге арнайы әуен ретінде енгізілген. Рашид Нұғмановтың айтуынша фильм бұған дейін бірнеше фестивальде көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болған. Алматыда өтетін тұсау кесер рәсіміне фильмге түскен актерлармен қатар Вячеслав Бутусов қатысып, Виктор Цойдың әндерін орындамақ. «Тұсау кесер үшін түнгі клубты бекер таңдаған жоқпыз. Әйгілі «Ине» фильмінің тұсау кесер рәсімдері де рок-концерттердің аясында өткізілген болатын» дейді Рашид Нұғманов.

Соңғы жаңалықтар