Алматыда Инновациялық конвент өтіп жатыр
; АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Инновациялық даму жолына тек мемлекеттік басқару емес, бизнес пен білім беру де көшуі тиіс.
Бұдан басқа жол жоқ". Оны Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бүгін Алматы қаласының І Инновациялық конвентінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгінгі болып отырған инновациялық форум республика үшін елеулі оқиға. Елбасымыздың жаңа индустриялық саясатында инновацияға баса назар аударылады. Бұл форумның Алматыда өткізіліп отырғаны кездейсоқ емес. Себебі Алматыда еліміздің ғылыми институттары, жоғары оқу орындары және ғалымдардың көпшілігі шоғырланған. Президент өз Жолдауында Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуы туралы айтты. Экономикалық дамудың жаңа деңгейі, инновациялық даму, экономиканың тиімділігін арттыру туралы атап көрсетті. Біз сіздермен, яғни ғалымдар, студенттер, әрине бизнеспен бірге инновациялық әдістер арнасына бұрылуымыз керек", дейді Әсет Өрентайұлы. Министрдің айтуынша, Қазақстан жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Президент өзінің 2020 стратегиясында индустриалды-инновациялық даму бағыттарын да айқындап берді. Онда индустрияландыру туралы ғана емес, инновациялық индустрияландыру туралы айтылған.