Алматыда инновациялық өнер орталығы салынады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда инновациялық өнер орталығы салынады. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, алдағы уақытта аудандық әкімшілік орталық жанынан Инновациялық өнер орталығы, «Тау самалы» ықшамауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған музыкалық мектеп, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ол ауданда жаңадан тағы да бірнеше емхана салынатынын айтты.
«Денсаулық сақтау саласына келсем, жаңадан салынған 4 емханамен қатар, «Құрамыс» ықшамауданында 500 орындық емхана, «Ақжар» ықшамауданында 200 орындық жанұялық-дәрігерлік амбулаториясын салу және халық шет тұратын аймақтарды мобильді амбулатория ашу жоспарлануда. Ал, білім беру саласына келсем, сапалы білім беру мен мектептердегі орын тапшылығын жою үшін «Қалқаман» ықшамауданында 2 мектеп, «Қарағалы» ықшамауданында бір мектеп, «Қалқаман», «Қарағалы», «Шұғыла» ықшамаудандарында 3 бала бақша құрылыстары басталмақ»,-деді ол.
Ауданда қазір екі мектептің құрылысы басталып кеткен, сондай-ақ тағы бір мектептің құрылысы бітуге жақын.
«Қалқаман» ықшамауданындағы 1500 және 1800 орынға арналған 2 мектептің құрылысы басталды, «Ақжар» ықшамауданындағы №186 мектепке қосымша құрылыс ғимараты аяқталуда. «Қарғалы» және «Ақжар» ықшам аудандарында 2 жекеменшіктік мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ Ақжарда өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде» ,-деді аудан әкімі.