Алматыда Instagram арқылы елді алдаған жас жігіт ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Инстаграм желісін пайдаланып адамдардың ақшасын жымқырған 23 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Instagram арқылы елді алдаған жас жігіт ұсталды

Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Ол Instagram әлеуметтік желісінде «Olimp_bets_kzzz» тобын құрған. Ол букмекерлік кеңселердің ставкасы арқылы ақшаны көбейтіп берем деп уәде берген. Адамдар ақшасын 10 есе өсіремін деген алдауға сеніп қалып, паблик админінің «8-700-694-14-52» киви-әмиянына ақша аударып отырған. Ақшаны алып алған соң ол клиенттерімен байланысты үзіп, парақшаны бұғаттап отырған. Қазіргі таңда оның 4 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жалпы алғанда алаяқ жігіт адамдардан 6 млн теңге алған. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деді қалалық Полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Полиция осы адамның әрекетінен зардап шеккендер болса, 298-51-36; 8-747-818-31-99 нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.