Алматыда инсульт алған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері аман қалды
Алматылық дәрігерлер Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін инсульттен кейін аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, соғыс ардагері Иван Шинкарев 98 жасқа толар алдында инсульт алып, Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының неврологиялық бөлімшесіне шұғыл түрде жатқызылды. Оған бас миының тромбозынан туындаған церебральды инфаркт диагнозы қойылды.
«Ардагер таңғы асты ішіп отырған кезде қолынан кесесін түсіріп алады әрі сөйлей алмай қалады. Немерелері оның жағдайының нашарлағанын түсініп, оны шұғыл түрде №4 қалалық клиникалық аурухананың неврологиялық қабылдау бөліміне жеткізеді. Мұнда оны невропатолог, терапевт және реаниматолог мамандар тексереді. Қабылдау бөлімінде бас ми томографиясын жасап, науқасты мамандандырылған бөлімшеге жатқызуды ұйғардық. Оның жағдайы жүрек және церебральды жеткіліксіздікке байланысты ауыр деп бағаланды», - деді аурухананың неврология бөлімшесінің меңгерушісі Динара Мұханғалиева.
Дәрігерлер консервативті емдеу туралы шешім қабылдайды. Себебі, науқаста көптеген созылмалы патология болды және кез келген хирургиялық араласу ардагер үшін өте қауіпті болды. Мамандар күн сайын майдангердің денсаулығының жағдайы мен негізгі көрсеткіштеріне клиникалық, зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізді. Оны күнделікті терапевт, невропатолог және кардиолог дәрігерлер қарап тұрды.

№4 қалалық клиникалық аурухананың емдеуші дәрігері, невропатолог Жәңгір Әбдиевтің айтуынша, ЭКГ, бас миға КТ, эхокардиография, аяқ-қол тамырларына УДЗ, кеуде қуысы мүшелеріне КТ көрсеткіштері үнемі бақылауда болды. Нәтижесінде Иван Афанасьевичтің жағдайы жақсарып, сауыға бастады. 10 күннен кейін, 98 жасқа толған күні ардагер ауруханадан шығарылды.
«Біз тамақта ас тұзын шектеуді ұсындық. Себебі бұл инсульт пен инфаркт қаупін 19-20%-ға төмендетеді. Калий мен магнийге бай жеміс пен көкөністі көбірек жеуді ұсындық. Тағамға теңіз өнімдерін енгізген дұрыс. Жануар майларын тұтынуды азайтқан жөн. Науқас қан қысымын, қандағы қантты үнемі бақылауды қажет етеді және учаскелік дәрігер ұсынған дәрі-дәрмекті күнделікті қабылдауды ұмытпауы керек. Жеке таңдалған дәрі-дәрмекті үнемі қолдану инсульт қаупін 40%-ға төмендетеді», - деді Жәңгір Әбдиев.
Қазір соғыс ардагері Иван Афанасьевичті үйінде үлкен отбасы, яғни, 2 баласы, 4 немересі және 8 шөбересі күтіп жатыр
Айта кетейік, Шинкарев Иван Афанасьевич – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Ол бүкіл соғысты басынан өткерген. 17 жасында әскерге шақырылып, майданда пулеметші болды. Балтық елдерінде соғысып, үш рет жарақат алып, елге оралған.