Алматыда интернет қауымдастық өкілдері бас қосты
;АЛМАТЫ. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «ҚР кейбір заңнамалық актлеріне ақпараттық-коммуникациялық желі мәселелері бойынша өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы 10.07.2009 жылғы №178-4 заңын қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырысты ҚР Ақпарат және байланыс агенттігінің қолдауымен «Қазақстанның интернет қауымдастығы» ұйымдастырған. Отырысқа интернет саласында қызмет көрсетуші Қазақтелеком, «Нұр» интернет порталы, «PS» интернет компаниясы, «Neolabs» сынды компаниялардың өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Отырыс барысында «Интернет желісіндегі қазақстандық сегменттің домендік кеңістіктегі таралу ережелеріне енгізілген өзгерістер», «Мониторинг немесе Қазнетті бақылау» тақырыптары талқыланды. Отырысқа жиналғандардың пікірінше, қазақстандық интернет саласы әлі де реттеуді қажет етеді. Сондай-ақ жақында қабылданған салалық заңды да жетілдіре түсу қажет. Қазақ интернет қауымдастығының атқарушы директоры Александр Ляховтың айтуынша, қазақстандық пайдаланушылардың интернет желісіне және өзге де ақпараттық желі ресурстарына еркін кіруі, авторлық құқық пен интернеттегі жеке мәліметтерді қорғау мәселесі заң жүзінде шешімін табуы тиіс. Отырысқа ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің жауапты хатшысы Батыр Маханбетажиев қатысып, өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, отырыста көтерілген мәселелер алдағы уақытта шешімін табатын болады.