Алматыда интернет және мобильді байланыс өткізгіштігі төмен 169 орын анықталды.

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылы және қашықтан оқыту форматының қарсаңында қала әкімшілігі қала тұрғындарын қолжетімді, сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмысты ширата түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда интернет және мобильді байланыс өткізгіштігі төмен 169 орын анықталды.

Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев мәлім еткендей, қалада интернет және мобильді байланыс өткізгіштігі төмен 169 орын анықталды.

«169 нүкте бойынша интернет жабындысын жақсарту үшін 5 қыркүйекке дейін осы бағытта тым болмаса бір операторды қосуге кепілдік берілді. Сонымен бірге, қала тұрғындарының сапалы және қолжетімді интернетті пайдалану мүмкіндігі болуы үшін сигналды күшейту жұмыстары жүргізілуде»,- деп атап өтті Б. Қоңырбаев.

Цифрландыру басқармасы басшысының айтуынша, бұл бағытта қала тұрғындарының радиофобиясы белгілі проблемалар тудырады.

«Нүктелер бойынша мәселені жаба отырып, біз басқа проблемаға кезігеміз. Бұл радиофобия мәселелері. «Жас Қанат», «Шұғыла», «Қарағайлы», 6-шы қала кешені бойынша қиындықтар болды, нүктені анықтап, антенна-мачталық станцияны орнатқаннан кейін тұрғындармен тіл табыса алмадық, олар бұған түбегейлі қарсы», – деді Б. Қоңырбаев.

Сонымен қатар, ол осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.