Алматыда инватакси қызметіне 920 млн теңге бөлінді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда инватакси қызметі бойынша ілкі жоба іске қосылды. Жоба осы жылдың қыркүйегіне дейін екі ай ішінде пилоттық режимде іске асырылады.
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, мегаполисте «Инватакси» қызметін 2 мыңнан астам адам пайдаланады, оның 800-і мүгедек бала. Биыл инватакси қызметін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 920 млн теңге бөлінді.
«Бұған дейін мегаполисте қосымша қажеттілігі бар адамдарды тасымалдауға мамандандырылған көлік тапшылығы байқалған болатын және де инватакси қызметтерінің сапасына қатысты ескертулер болған. Көрсетілетін қызметтерді барынша қамту және сапасын арттыру үшін Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен және Еңбек министрлігінің қолдауымен «Яндекс. Такси» агрегаторы арқылы инватакси қызметтерін ұсыну жобасы жүзеге асты», - деді Бауыржан Жаубасов.
Сонымен қатар, ол жоба аясында оң нәтижелері бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Қызметті жеткізушілер үшін Яндекс Такси платформасында есептік жазбалар жасалды және мүгедектігі бар адамдарды пилоттық жобаға қосу мүмкіндігі берілді.
Осы пилоттық жобаға қосылған мүгедектігі бар адамдар «Яндекс такси» қосымшасы арқылы қызметтерге тапсырыс беруді ыңғайлы уақытта Яндекс Go қосымшасында арнайы әзірленген «INVA» тарифі арқылы дербес жүзеге асыра алады.
Бұл пилоттық жобада жол жүрісіне шектеу бар. Мүгедектігі бар бір адам үшін күніне 2 сапардан аспайтын лимит белгіленген.
«Яндекс.такси» агрегаторы арқылы инватакси қызметтерін алу үшін мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметтерін қолданыстағы жеткізушілер арқылы авторизациялануы қажет (ҚБ «Inclusion.kz» - кресло-арбамен қозғалатын мүгедек адамдар үшін (24 көлік); «ЦРУ Инватакси» ЖШС-кресло-арбамен қозғалатын балалар үшін (24 көлік); «social Project Organization Group» ҚБ – аутизмі бар балалар үшін (14 автокөлік); «зор ҚБ Денсаулық» - балалар мен ересектерге арналған көру қабілеті бұзылған балаларға арналған (балаларға арналған 16 автомобиль және ересектерге арналған 22 көлік)»,- деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кету керек, жыл сайын бұл қызметке қажеттілік артып келеді: 2021 жылы 1462 мүгедек адам, оның ішінде 357 мүгедек бала болса, ал 2022 жылы 1488 мүгедек адам, оның ішінде 632 мүгедек бала.