Алматыда инженерлік желілерді жөндеу тұрғындарға қолайсыздық туғызбайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда инженерлік желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары тұрғындарға кедергі келтірмейді. Бұл жұмыстар жыл сайын жылыту маусымы алдында жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда инженерлік желілерді жөндеу тұрғындарға қолайсыздық туғызбайды

Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының хабарлауынша, инженерлік желілерге жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.

«Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан желілерге қосылған үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тумайды. Алматылықтар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі күні құбырлар ауыстырылуда. Десекте, тұрғындарға ыстық су беру тоқтылған жоқ. Суды тұтынушыларға уақытша схемалар арқылы жеткізіп отырмыз», - дейді Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев.

Мұндай тәсіл бірден бірнеше мәселені шешеді. Алматылықтарға толыққанды және сапалы комммуналдық қызмет көрсетумен қатар, қаржылық және техникалық жағдай да жақсарады. Бұл әрине көрсетілген коммуналдық қызмет төлемдеріне байланысты, дейді ол.

Алайда,техникалық тұрғыдан мүмкін емес немесе қымбат тұратын нысандар да бар. Мысалы, тұрғын үй қайта қалпына келтірілген жылу магистральынан үлкен қашықтықта орналасса, оны басқа желіге ауыстыру техникалық жағынан мүмкін емес және уақытша құбыр салу тұрақты құбыр салуымен теңестіріледі.

Суық сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінде мұндай проблемалар жоқ. Өйткені, бұл желілерді жөндеу кезінде тұтынушыларға тоқтаусыз су беріледі. Бұл басқа кесте бойынша іске асырылады.

Сондай-ақ, басқарма басшысы әлеуметтік желіде тараған «Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға узақ уақытқа дейін коммуналдық қызмет көрсетілмейді», деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Ыстық және суық суды ұзақ уақытқа сөндіру қалада болған жоқ. Аракідік орын алатын төтенше жағдайлар тез арада шешіледі. Тозған инженерлік желілер істен шыққанда бірден қалпына келтіруге тырысамыз. Қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен апатты жою және жылу, сумен жабдықтауды қалпына келтіру уақыты орташа есеппен 6-7 сағатқа дейін қысқарды»-дейді басқарма басшысы.

2014 жылдан бастап жылу желілерінің тозуы 63,5% -дан 61,3% -ға дейін төмендеді, ал магистральды жылу желілерінің зақымдануы 37% -ға азайды.

Соңғы 5 жылда Алматыда 103,8 шақырым магистральды жылу желілері қайта құрылды, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 28,6 км ауыстырылды.