Алматыда ірі көлемде ақша сақталған сейфті ұрлағандар әшкереленді

АЛМАТЫ. 21 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ірі сомада ақша сақталған сейфті ұрлағандар әшкереленді.

Алматыда ірі көлемде ақша сақталған сейфті ұрлағандар әшкереленді

Бұл қылмыс жеке кәсіпкердің кеңсесінде, демалыс күні орын алған. Қылмыс орнында тексеру жүргізген жедел-тергеу тобының мәліметі бойынша, оңай олжаға кенелмекші болғандар ЖШС-ға кіретін есіктің құлпын сындырып ашу арқылы ішке енген. Ұрылар төртеу болған. Олар бұл ұрлыққа ұзақ әрі мұқият дайындалған, қарапайым қорғаныс құралдары - дабылқаққыш пен мамандандырылған күзеті жоқ фирмаларды арнайы таңдаған. Ұрлық түнгі уақытта жасалған. Жақын маңдағы жеке үйлердің ешбір тұрғыны бұл уақытта күдікті ешнәрсе естімеген. Тек жұмысқа келген кеңсе қызметкерлері құлыптың сындырылғанын аңғарып, бұл туралы полицияға хабарлаған.

"Сейфте 900 мың теңгеден аса қаражат болған. Ұрылар қаражаттың барлығын жаратып үлгермеген. Біз олардың төртеуін де Алматының тұрғын жайларындағы жалдамалы пәтерден құрықтадық. Олар бұл «сәтті» ұрлықтан кейін тағы да осы іспеттес қылмыстарды жасауды жоспарлап отырған. Бірақ, біз оларды дәл уақытында әшкерелеп, қолға түсірдік», - деді Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының қарақшылық шабуыл мен тонауды ашу бөлімінің бастығы Жанболат Зияддин.

Оның айтуынша, бұл топтың ең үлкені 25 жаста, ал оның кіші сыбайластары 20, 21, 22 жастағы жігіттер. Барлығы еліміздің әр облыстарынан келген. Бұл жас қылмыскерлерді бірден бірнеше себептер - Алматыда тұрғылықты мекен-жайлары мен тұрақты табыстарының жоқтығы, қылмыстық жолмен табылған болса да, жеңіл ақшаның қызықтырғандығы біріктірген.