Алматыда ірі супермаркеттердің жұмысы қалпына келтірілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ірі сауда желілерінің жұмысы қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ірі супермаркеттердің жұмысы қалпына келтірілді

«Бүгінгі күні «Magnum», «Тоймарт» және «Small» супермаркеттерінің 28 филиалы ашық. Сауда нысандарында, жеткізушілер мен дистрибьюторлардың қоймаларында азық-түлік қоры жеткілікті көлемде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Алдағы екі күнге сауда желілерінде таңғы сағат 09.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін жұмыс кестесі белгіленді», - деді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз қызметінен.

9 қаңтар күні «Magnum» сауда желісі 40 дүкенін ашады. Жұмыс уақыты 09.00 – 18.00 аралығында.

Онымен қоса, 9 қаңтарда қаланың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарының, бірінші кезекте азық-түлік өнеркәсібінің қызметін қалпына келтіру жоспарлануда.