Алматыда Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі өткізілді
АЛМАТЫ. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Бүгін Алматы қаласында Ішкі істер министрі С. Баймағанбетовтың қатысуымен ІІМ алқасының отырысы болып өтті, онда 2010 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жұмыс қорытындылары талқыланып, келесі жылға арналған ішкі істер органдарының негізгі міндеттері белгіленді, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
С.Баймағанбетов кеңесте ағымдағы жылы министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша ұйымдастырушылық-практикалық шаралар, азаматтардың қауіпсізідігін нығайту, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау кешенін жүзеге асыратынын атап өтті.
Бірінші жартыжылдық ішінде ішкі істер органдары 60,9 мың қылмысты тіркеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, оның ішінде денсаулыққа зиян келтіру, қарақшылық, сондай-ақ жасөспірім қылмысы төмендеді. Қылмыстардың ашылуы ұлғайды.
Сонымен бірге ұрлықтар мен тонаулардың, сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыс санының өсуі байқалады. Жеке қылмыс түрлерінің статистикалық өсуі есепке алу-тіркеу тәртібін қатаңдатумен байланысты болып отыр.
Ұйымдасқан қылмыстың 33 қылмыстық «серкесі», 29 жетекшісі мен 151 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 4817 есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі сатудың 1433 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 8,4 тонна есірткі тәркіленді.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 85 мың шетелдік жауапкершілікке тартылды, 10,7 мыңнан астам адам еліміз аумағынан шығарылды. Қабылданып жатқан шаралар барлық өңірлердегі апаттылық жағдайларының төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жолдағы 992 мың заң бұзушылықтың алды алынды, ЖҚО - 6,3℅, зардап шеккендер - 6℅, оның ішінде қаза болғандар - 1,7℅, ЖКО - 9℅, қаза болғандар - 14℅, жарақаттанғандар - 10℅ төмендеді.
Алқада қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс нәтижелері, қылмыстарды ашу, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ патрульдік полиция бөліністері жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ішкі істер органдарындағы заңдылық пен тәртіпті нығайту бойынша шаралар айқындалды.
Министр полицияның қызметін көшелер мен қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіптің жай-күйі бойынша бағаланатынын атап өтті. Жақында қабылданған «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы» Заңын іске асырумен байланысты едәуір жұмыс күтілуде. Ең алдымен патрульдік-бекеттік қызметті, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлардың, «мектептегі» инспекторлардың және учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жандандыру және жетілдіру туралы әңгіме қозғалды. Ведомство басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге, ұрлыққа, тонауға және қарақшылық шабуылдарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға, ұйымдасқан қылмыс түрлеріне және есірткі бизнесіне қарсы күресті қатаңдатуға, көші-қон бақылауын, жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайтуға баса назар аударды.
С. Баймағанбетов Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттердің уақтылы шешілуін қамтамасыз етуге көңіл бөлді.
Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің жеке құрамын дайындау мақсатында ағымдағы жылғы шілденің 19-ында Алматы облысында мүдделі органдарды тарта отырып, кең ауқымды арнайы-тактикалық оқу жаттығуы өткізілді. Қаруланған қылмыстық топтар мен бандалық құрылымдарды жою бойынша бірлескен іс-шараларды пысықтау оқудың негізгі міндеті болып табылды. Оқуға жұмылдырылған полиция мен ішкі әскерлердің күштері мен құралдары оларға қойылған міндеттерді шешуде жинақылық пен үйлесімділікті көрсетті.
Жалпы оқу жеке құрамның бойында кәсіби дағды мен полицейлер мен әскери қызметшілердің қысылтаяң жағдайларға психологиялық дайындығын қалыптастыруға ықпал етті. Оқуға Ішкі істер министрі, ІІМ-нің орталық аппараты мен Ішкі әскерлер комитетінің басшы құрамы, аумақтық және көліктегі ІІД-нің бастықтары, сондай-ақ Алматы гарнизоны ішкі істер органдары мен ішкі әскерлерінің жеке құрамы қатысты.