Алматыда «IT- Планета 2011» халықаралық олимпиадасының жеңімпаздары анықталды
АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ-Британ техникалық университетінде «IT-Планета 2011» халықаралық олимпиадасының ішкі туры өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, информациялық технология саласына арналған олимпиадаға өткен жылы желтоқсан айында сырттай турдың жеңімпазы атанған 149 студент қатысты. Ол байқауға еліміздің әр аймағынан 1000-нан аса қазақстандық студент қатысқан болатын.
Бұл ішкі турда студенттер төрт байқау бойынша сынға түсті. Олар: «Oracle Java Olympic бағдарламалау» , «Oracle СУБД Olympic бағдарламалау», «Хаттамалар, сервистер және жабдықтар», « Windows Server 2008 R2 басқару». Әр байқау 4-5 сағатқа созылды.
«Тапсырмалардың қиындығына қарамастан, қатысушылар байқауда үздік нәтижелер көрсетті», - дейді шара ұйымдастырушылары.
Байқау нәтижесі бойынша «Oracle Java Olympic бағдарламалау» байқауының жеңімпазы Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті Мадияр Айтбаев атанды. Ал, «Oracle СУБД Olympic бағдарламалау» сынының бас жүлдесін Халықаралық информациялық технология университетінің студенті Нұрлан Сейітқожаев жеңіп алды. «Хаттамалар, сервистер және жабдықтар» байқауын Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Евгений Бородин жеңіп алса, «Windows Server 2008 R2 басқару» байқауының бірінші орнын Қазақ қаржы-экономикалық академиясының студенті Сергей Струков иеленді. Енді олар сәуір айында өтетін ақтық сынға қатысатын болады.
Барлық жеңімпаздар аталмыш шараға демеушілік көрсеткен Microsoft, Қазақтелеком, ҚР ҰБ Банктік сервистік бюросы, Oracle, ЕPAM Systems, D-Link компанияларының сыйлықтарымен және арнайы дипломдармен марапатталды.