Алматыда Италия елінің кардиохирургы шеберлік дәріс өткізді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда қалалық кардиологиялық орталықта «Ди Падова Медицина Орденінің» және неміс дәрігерлік қоғамының мүшесі, Италия елінің Мирано кардиологиялық емхана бөлімінің директоры, профессор, кардиохирург Бернхард Реймерс интервенциялық кордиология бойынша шеберлік дәріс өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, интервенциялық кордиология - жүрек, кордиологиялық ауруларды емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістерінің бірі. «Мұндай әдіс ашық түрде жасалынатын операция, не болмаса дәстүрлі дәрі-дәрмекпен емдеуге қарағанда тиімді, яғни ондай әдіс емделушінің өміріне қауіп төндірмейді, операциядан кейін пациент тез сауығып кетеді, ең маңыздысы науқас бұл аурудан құлан таза жазылып шығады. Мен жылына 1000 адамға операция жасаймын. Әлемнің көптеген елдерінде, Германияда, Қытайда, Біріккен Араб Әмірлігінде, Мәскеуде, Америкада және тағы да басқа елдерде интервенциялық кордиология бойынша операциялар жасап, шеберлік дәрістер өткіздім», деді Италиядан келеген кардиохирург Бернхард Реймерс.
Қалалық кардиологиялық орталықтың Бас дәрігері Нұрлан Тұрдалиннің айтуынша, мұндай дәрістер кардиолог мамандар үшін үйренуге және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. «Біздің орталыққа өткен жылы ишемиялық жүрек ауруымен 1200 науқас, инфаркпен үш жарым мың адам келіп түсті. Оның 400-не интервенциялық операция жасалды», деді Нұрлан Тұрдалин. Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде интервенциялық хирург мамандары тапшы. «Ондай кордиолог болу үшін оқуды бітірген жас маманға аз дегенде 5 жыл уақыт қажет», деп атап өтті Нұрлан Тұрдалин.
Шеберлік дәріске еліміздің барлық кардиохирургия клиникаларынан келген дәрігерлер және қалалық кардиологиялық орталықтың қызметкерлері қатысты.
Шымкент қаласынан келген интервенциялық кордиолог Төрегелді Жүнісовтың айтуынша, осындай операциялар жаңа заманғы аппаратпен Шымкент қаласында да жасалады. «Өткен жылы бізде 1000 коронорографиялық операция жасалды», деді ол.