Алматыда италиялық экстремал велосипедпен түрлі трюктер көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Танымал велоэкстремалшы, велокаскадершы және Astana ProTeam велокомандасының бренд-амбассадоры Витторио Брумотти Қазақстанның биіктерін велосипедпен «бағындырды», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда италиялық экстремал велосипедпен түрлі трюктер көрсетті

Италиялық Алматының сауда үйлерінде шолу дөңгелегінің үстімен жүріп өтті. Айта кету керек, шолу дөңгелегінің биіктігі - 60 метр.

Сондай-ақ, Витторио Алматыдағы жер үсті жаяу жүргінші жолын ұмыт қалдырмады, Әл-Фараби даңғылындағы көпірдің сүйеніштерімен жүріп өтті. Ол Қазақстанда, әсіресе Алматыда бұдан кейін де вело-шоу жасайтынын айтып уәде берді.

«Менің есімім Витторио Брумотти. Мен қарапайым жарысқа түсуші емеспін, Astana ProTeam велокомандасының экстремалымын. Қазақстан бойынша қызықты шоуларымды назардан тыс қалдырмаңыздар», - деді спортшы әлеуметтік желілерде тараған бейнеролигінде.

Брумотти 2016 жылғы желтоқсан айынан бері Astana Prom Team командасының бренд-амбассадоры болып келеді. Сондай-ақ, Витторио - велотриалдан әлем чемпионы (2006 жыл). Ол бірнеше әлемдік рекордтарды орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Витторио Алматыдан кейін Астанаға аттанады.