Алматыда із-түзсіз кеткен 20 жастағы бойжеткеннің денесі табылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда із-түзсіз жоғалған 20 жастағы бойжеткеннің денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаменті таратқан мәліметке сенсек, 20 наурыз күні қыздың әпкесі полицияға жүгініп, сіңлісінің жоғалып кеткенін хабарлаған.
Бойжеткенді іздеп табу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылды.
Іздеу жұмысы кезінде қыздың сол күні әлеуметтік желіде танысқан жігітпен кездесуді жоспарлағаны анықталды.
Кейін белгілі болғандай, бойжеткен сол бейтаныс жігіттің қылмыстық әрекетінен қаза тапқан.
Күдікті - 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны.
«Ол қазір ұсталған, қамауда отыр. Оның бұл қылмысқа баруына не себеп болғанын және оны қалай жүзеге асырғанын анықтау үшін тергеу жұмысы басталды» деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі бойынша іс қозғалды.