Алматыда «Іздестіру» шарасы барысында 37 қылмыскер құрықталды

АЛМАТЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Берік Бекмұрзаев/ - Алматы полицейлері бес күндік «Іздестіру» шарасы барысында 37 қылмыскерді құрықтады,
None
None

деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Оның ішінде Ресей Федерациясының Томск қаласында жасырынып жүрген 26-жасар Юрий де бар. Алкогольді ішімдікке сылқия тойып алған ол осы жылдың 26 наурызында 47-жасар ер адамды пышақтап өлтірген. Кісі өлімі дөрекі дау-дамайдан басталған.

«Айта кететін жәйт, екі жақ та бір-бірін білмеген. Сол күні кешке олар Алматының Алмалы ауданында орналасқан кафеде ортақ таныстарының туған күнін тойлаған бір отырыста болған. Көшеге шыққан олар шекісіп қалады да, сол жерде азамат Ю. қалтасынан бәкісін шығарады. Жәбірленуші екі мәрте кеуде тұсынан жарақат алады. Оны ауруханаға жеткізеді. Алайда, ол есін жимастан біршама уақыттан кейін ауруханада жантәсілім етеді. Бұл қылмыс қоғамдық орында жасалған. Дереу жедел-тергеу тобы арқылы оқиға болған жердегі куәлер анықталып, күдіктінің түс-әлпетін суреттеп берген. Бір сағаттан кейін азамат Ю-ды ұстау жөніндегі тұспалдар барлық аудандық ІІБ-на, полицейлердің учаскелік пункттеріне, сонымен қатар қала аумағындағы полиция бекеттеріне таратылды. Біз күдіктінің Алматыдан қашып кетуі ықтимал екендігін жоққа шығармадық»,- деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Вадим Стрельцов.

Кешенді жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қылмыс соқпағы жедел топты Томск қаласындағы Юрийдің бой тасаламақ болған туыстарының үйіне алып келді. Оны ұстау операциясы томскілік әріптестердің қатысуымен жүргізілді.

«Атап айту керек, осы іспеттес жергілікті шаралар аясында көршілес аймақтардағы, сонымен бірге Қазақстанға шекаралас елдердегі әріптестерімізбен өзара тығыз әрекеттер жасау өте маңызды. Жедел ақпарат алмасу, келіп түскен мәліметтердің анық-қанығын тексеру бізге Алматыда және жақын шетелдерде қылмыс жасағаны үшін іздестірілуде жүрген қылмыскерлерді іздеп табуға мүмкіндік береді. Ал қылмыскерлерді Отанына қайтару мәселесі жөнге келтіріліп, толассыз жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Алматының Ішкі істер департаменті қылмыстың алдын алу бойынша қатаң, әрі тиімді шаралар қолдануда», - деп сөзін түйіндеді полковник Стрельцов.

«Іздестіру» жедел-алдын алу іс-шарасы әділ соттан жасырынып кетпекші болған қылмыскерлерді іздестіруге, із-түзсіз жоғалып кеткен адамдардың мекен-жайын анықтауға, сонымен қатар қаланың қылмыстық ахуалын сауықтыруға бағытталған. Бұл іс-шараны жүргізу барысында криминалды полиция басқармасының жедел уәкілдері ғана емес, Алматы гарнизонының басқа да сыртқы қызметінің полицейлері де атсалысты.

Соңғы жаңалықтар