Алматыда қабір басына барған журналисті ұрып-соғып, тонап кеткен
Журналистің жазуынша, еуропалық түр-тұрпатты 40-50 жастағы ер адам ақшасын, ұялы телефонын, неке жүзігін және басқа да заттарын тартып алған. Тамағына пышақ тақап, қорқытқан. Тонау кезінде қолы мен тамағын жарақаттаған.
«Қоршаудың жанынан ер адам өтіп кеткен. Сәлден соң ол қоршаудың ішіне кіріп келді де тамағыма пышақ тақап тұрып: «Айтқанымның бәрін істесең, аман қалсың», - деді. ...Одан соң неке жүзігімді шешіп алды. Әмиянымды шығартқызып, ішінен бар ақшаны сыпырып алды. Ұялы телефоның қайда деп сұрады. Осы сәтте біреу маған қоңырау шалмасы бар ма! Мен оның пышақпен жай ғана қорқытып тұрмағанын түсіндім. Кенет мені орындыққа итеріп қалды да, сөмкемді ақтара бастады. Мен құлап бара жатып орындыққа соғылдым. Кейін ол қарақұсымды қоршауға бірнеше рет соқты...», - деп жазады зардап шегуші
Тонаушы кейін полицияға шағымдансаң, тауып, пышақтап кетемін деп қорқытқан және онысы жай ғана қоқан-лоқы емес болып шыққан.
Татьяна ол кеткен соң үйіне жетіп, полиция шақыртқан. Сақшылармен бірге қылмыс болған жерге келгенде егде жастағы әйелдің қан-жоса болып күзетшінің жанында отырғанын көрген. Дәл сол қаніпезер тонаушы араға аз ғана уақыт салып, оны да тонамақ болған көрінеді. Алайда екінші құрбан айғайлап, көмек шақыруға тырысқан. Тонаушы да аямай, әйелді пышақтап кеткен.
Журналист келтірген мәлімет бойынша, қазіргі сәтте күдікті іздестіріліп жатыр.