Алматыда кафелер мен мейрамханаларға жазғы алаңдарды кеңейтуге рұқсат берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда кафелер мен мейрамханаларға жазғы алаңдарды кеңейтуге рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда кафелер мен мейрамханаларға жазғы алаңдарды кеңейтуге рұқсат берілді

Еске салайық, Алматыда 25 мамырдан бастап 3100 жазғы алаң мен қоғамдық тамақтану орындары өз қызметін қайта бастаған болатын. Олардың жұмыстарының негізгі шарты көрші столдағы отырған келушілердің кемінде 2 метр ара қашықтығын камтамасыз ету және бір столға, бір отбасы мүшелерін айтпағанда, 4 адамнан артық адам отырғызбау қажет. Қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысына сағат 23:00-ге дейін рұқсат берілді.

«Әлеуметтік қашықтықты сақтау керек болғандықтан, аталған мекемелерде отырғызу орындарының саны 1,5-2 есеге төмендеп кетті. Бұдан басқа, кейбір нысандарда жазғы алаңдар жоқ. Халық арасындағы жоғары маусымдық сұранысты ескере отырып және қызмет көрсету саласының нысандарын қолдау мақсатында, Алматы қаласының әкімдігі жазғы алаңдар санын, оларды іргелес жатқан аумақтарға орналастыру есебінен, арттыру мүмкіндігін ұсыну туралы шешім қабылдады»,– деп хабарлайды қалалық әкімдік.

Осылайша, бұдан бұрын жазғы алаңдары жоқ нысандарға мейрамхананың немесе кафенің іргелес жатқан аумағына, күрделі құрылыс салмай, уақытша, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанша және шектеу шаралары алынғанға дейін қосымша орындар қоюға рұқсат етіледі. Бұл ретте, столдар жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге, сондай-ақ көліктердің жүруіне кедергі немесе қолайсыздық келтірмеуі тиіс.

Алматы қаласының меншігіндегі жер телімдерінің шекараларында маусымдық кафелерді (жазғы алаңдарды) орналастыру жер-құқықтық қатынастары ресімделмей жүзеге асырылады. Алайда, аталған нысандарды тұрғын үйлердің терезесінің алдынан ашуға, сол үйлердің тұрғындарының жазбаша келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Нысандардың қызметіне барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда, рұқсат етіледі.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта, қалада банкеттер мен салтанатты жиындар өткізуге болмайды. Сондай-ақ, караоке, бильярд және басқа да қоғамдық тамақтандыру аумағында жұмыс істейтін көңіл көтеретін мекемелердің жұмысына тыйым салынған. Кальянға да рұқсат жоқ.