Алматыда қағаз қыстырғыш күні аталып өтілді
АЛМАТЫ. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматыда "Аlem kence" компаниясының ұйымдастыруымен қағаз қыстырғыш (скрепка) күні аталып өтілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кез-келген кеңседен табылатын қағаз қыстырғышты норвегиялық математик Иоганн Валер 1899 жылы ойлап тапқан болатын. Ол өз туындысын 1901 жылы Германия мен АҚШ-та патенттеп, бұдан әрі ол әлем халықтарының негізгі кеңсе тауарларының біріне айналды.
"Аlem kence " компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Анар Тәуетаеваның айтуынша, компания 18 жылдан бері кеңсе тауарларын сатумен айналысады. Қағаз қыстырғыш осы уақыттан бері компанияның сату сөресіндегі басты тауарлардың бірі болып келеді.
Қағаз қыстырғышты әлемде пайдаланбайтын кеңсе жоқ. Тіпті, оған 1990 жылы Норвегияның астанасы Ослода 5 метрлік ескерткіш орнатылған. Біз кеңсе тауарларын сататын компания болғандықтан биылғы мерейтойымызды қағаз қыстырғыш күні ретінде атап өтуді ұйғардық» дейді А.Тәуетаева.
Шараға компанияның әріптестерімен, тұтынушылары қатысып түрлі ойындар өткізілді. Сонымен қатар ұтыс ойындары өткізіліп, сыйлықтар таратылды. Компания қызметкерлерінің айтуынша, қағаз қыстырғыш күні дәстүрлі мерекелік шараға айналады.