Алматыда қала әкімінің 1700 балаға арналған жаңа жылдық шыршасы болып өтті
Оны қала әкімі Ахметжан Есімов өзінің құттықтау сөзімен ашып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың жалпы еліміз үшін барынша жемісті болғандығын, балалар үшін барлық жағдайлар жасалып, мектеп, балабақша, денсаулық, спорт нысандары салынып жатқандығын ерекше атап өтті. "Игі істердің барлығы келешекте жастар жақсы оқып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр", - деді қала басшысы.
Мерекелік шараға қала мектептеріндегі үздік оқушылар мен ата-анасыз қалған балалар қатысты. Цирк алдында балаларды ертегі кейіпкерлері, қазақ батырлары, Қар ханшайымы, Санта-Клаус, қуыршақтар, Аяз Ата мен Ақшақар қарсы алып, балалармен ойын ойнады. Сондай-ақ, қойылым алдында олар үшін арнайы дискотека ұйымдастырылды. Онда бүлдіршіндер би билеп, жаңажылдық өлеңдер айтып, мульт-концертті тамашалады. Одан соң балалар цирк әртістерінің концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Мереке соңында әр балаға қала әкімінің атынан сыйлықтар табыс етілді.