Алматыда қала бойынша 27 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр

АЛМАТЫ.  18 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда әдеттегідей Наурыз мейрамы қарсаңында орай ағаш отырғызу шаралары басталды.

Алматыда қала бойынша 27 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр

Ол жұмыстарға жергілікті қазынадан 174 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Биыл қала бойынша 27 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ағаш көшеттері мегаполистің саябақтарына, скверлеріне және басқа да жерлеріне отырғызылатын болады.

 Кешеден  бастап, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан Алатау ауданындағы №152 мектеп пен №165 бала бақша маңына 100 қайың, 100 акация және ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ пен «Южный» саябағында 200-ден қайың отырғызылады. Құлағалы тұрған және құрылыс үшін кесілген ағаштардың есесіне 7000-нан астам жаңа желек егілмек.

 Аталмыш шараның басталуына орай, Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қаланың тұрғындарын да осынау іске белсене араласуға, ағаш отырғызып, айналамыздағы жасыл желекке ұқыптылықпен қарауға шақырады. Және жасыл желектің көзін жойған немесе оларды қазып тастау сияқты келеңсіз фактілер орын алған жағдайда,  дереу 271-65-25; 272-54-89; 264-22-18 телефондарына хабарласуды сұрайды.

 Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы көктемде қала аумағында 16 мыңға жуық ағаш егілсе, «Медеу» аймақтық табиғи саябағындағы  51,4 гектар аумаққа 4218 түп қайың, шетен және шегіршін ағаштары отырғызылды. Ал, Тұңғыш Президент атындағы саябаққа Тянь-Шаньның 100 шыршасы отырғызылған болатын.