Алматыда қала экологиясын жақсартуға арналған жаңа жоба іске асырылады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсақаев / - Бүгін Алматыда қала экологиясын қорғауға бағытталған жаңа жоба тұсауын кесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қаласындағы мектептер мен қоғамдастықтардың қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық мәліметтерін дамыту» атты жобаны Қазақстандық Қызыл Жарты Ай қоғамы жүзеге асырмақ. Оны қаржыландыруға Еуропалық Кеңес 152 000 еуро бөлсе, нидерландылық Қызыл Крест қоғамы 24 000 еуро бөліп отыр.
ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамының вице-президенті Вадим Қадырбаевтың айтуынша, бұл жобаның маңызы өте зор. «Қазіргі кезде Алматы қаласы дүниежүзі бойынша ауасы лас қалалардың алдыңғы шебінде. Аталмыш жобаның тек экологиялық қана емес, тәрбиелік те мәні бар. Жобаны іске асыруға қаламыздың 15 мектебінің оқушылары қатысады», дейді В.Қадырбаев.
Жоба шеңберiнде арнайы бiлiм беретiн мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, мұғалiмдеріне және барлық қала тұрғындары арасында ауаның ластануының ықпалы туралы, денсаулыққа тигізетін зардаптары жайында семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар Алматының аудандарын тазартып, ағаштар отырғызып «жасыл аймаққа» айналдыру жұмыстары жүргізілмек.
Семинарға жоба бойынша әрiптес қалалық әкiмшiлiк, Салауатты өмiр салтын сақтау мәселелері жөніндегі ұлттық және қалалық орталық, Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты өкілдері мен экологиялық үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қатысты.
Жоба бастапқы кезеңде тек Алматыға жүргізуге есептелiнген, дегенімен оның тиiмдiлiгiнiне байланысты еліміздің басқа да қалаларында жүзеге асыру мүмкіншілігі қаралмақ.