Алматыда қала құрылысы кеңесі бірқатар жобаларды бекітті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қала құрылысы кеңесі бірқатар жобаларды бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қала құрылысы кеңесі бірқатар жобаларды бекітті

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте көппәтерлі үш тұрғын үй мен Қазақ-Британ Техникалық университетінің PE&IT институтының көпфункционалды кешенін салу жобалары қаралды.

Үш тұрғын үй кешенін салу үшін 19 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Жобалар 3000-ға жуық жұмыс орнын ашуға, 120 орынды екі бала бақша тұрғызуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Бостандық ауданындағы Радостовец көшесінің батысынан Қожабеков көшесінің солтүстігіне қарай бірыңғай архитектуралық ансамбльді құрайтын 14 қабатты екі нысанның құрылысы басталады. Тұрғын кешенін жобалау барысында абаттандыру, демалыс аймағын жасылдандыру, балалар алаңдарын жасау, кіші пішінді архитектуралы формаларды қою қарастырылған. Тұрғын үй 16 айда салынып бітеді.

Сонымен қатар, Түрксіб ауданының «Қайрат» елді мекенінде сауда орталығы бар тұрғын үй кешені пайда болады. Жоспар бойынша он бір 9 қабатты тұрғын үй, сауда орталығы, 200 орынды паркинг пен мектеп жасына дейінгі балалар мекемесін салу көзделген. Жобаны жүзеге асыру мерзімі - 36 ай.

Кешеннің тұрғын үйлері Рысқұлов көшесіне перпендикуляр орналасады. Инвестор жоба аясында Үлкен Алматы каналы арқылы өтетін көпірді тегін салып беруді жоспарлап отыр. Бұл тұрғындар мен қаланың шұғыл қызметтері үшін өте қолайлы болмақ.

Бұлардан өзге, Алмалы ауданындағы Наурызбай батыр көшесі бойында 3 секциядан тұратын әрқайсысы 12 қабатты тұрғын үй кешені бой көтереді. Кешенде коммерциялық негіздегі нысандар, жеке жер асты паркингтер болады.

Жиын барысында және бір ұзақмерзімді жоба - Қазақ-Британ техникалық университетінің PE&IT интситутының «Алатау» ықшам ауданында бой көтеретін қосалқы нысандары бар көпфункционалды кешенінің құрылысы  қаралды.

Кешеннің ғимараты «ПИТ» арнайы экономикалық аймағының 30 га жеріне орналасады.

Бірінші бөлігінде оқу-жаттығу полигоны, ал екіншісінде кешеннің ғылыми- өндірістік аумағы мен оқу-әкімшілік корпустың, мультмедиялық орталықтың, асхананың, студенттік орталықтың, ғылыми- зерттеу лабораториясының және басқаларының басын біріктіретін көпфункционалды нысан бой көтереді.

Жобаның құны - 118,9 млрд. теңге. Құрылыс 2,5 жылда аяқталмақ.

Кеңес барысында мамандар бала бақша мен мектеп құрылысына айрықша назар аударылады. Соңғы 2 жыл ішінде инвесторлар есебінен 7 мың орынды 54 бала бақша салу жөнінде шешім қабылданған. 3 мың орынды 24 бала бақша коммуналдық меншікке беріледі. Осының арқасында бюджеттің 24 млрд. теңгесі үнемделді.