Алматыда қала маңына жүретін жаңа 10 қоғамдық көлік іске қосылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі көлік қолжетімділігін жақсарту және қала маңындағы аймақтың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін қала маңына қатынайтын 10 жаңа маршрутты іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қала маңына жүретін жаңа 10 қоғамдық көлік іске қосылады

Алматы әкімдігінің мәліметінше, жаңа маршруттар қала шегінен 50 шақырым радиуста орналасқан Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекенді қамтитын болады.

«Жетісу базары – Дәулет кенті, «Алматы 1» теміржол вокзалы - Туғанбай кенті, Нұра, «Алматы 2» теміржол вокзалы – Тұздыбастау кентіндегі «Сұлтан» кешені, «Райымбек батыр» метро бекеті – Еламан кенті, «Саяхат» автовокзалы – Қараой кенті, «Сәлем» базары солтүстік айналма – Исаев кенті, «Адем» сауда үйі – Батыр кенті бағыттары бойынша жүреді. Сонымен бірге, Төле би-Яссауи көшелерінің қиылысындағы бұрылыстан Қарғалы, Шамалған және Мыңбаев елді мекендері бағытында бірнеше маршрут ұйымдастырылады», - делінген әкімдіктің хабарламасында. Сонымен қатар биыл №9 жаңа қалалық маршрут іске қосылып, №97 және №89 екі жаңа маршруттың ашылуы жоспарланған. Жаңа маршруттар әлеуметтік маңызы бар қатынастарға және халық үшін қоғамдық көлікте жол жүрудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында субсидиялауға жатады.

Айта кетейік, «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективаға» сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін Алматы қаласының әкімдігі қала маңындағы 30 жаңа маршрутты ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Қазір қалалық мобильділік басқармасы маршруттарды бекіту және оларды әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізіліміне енгізу туралы қаулы жобасын әзірледі. Құжатпен www.legalacts.kz ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында танысуға болады. Тасымалдаушыны және осы бағыттарды іске қосу мерзімін айқындауға арналған байқау қала мәслихаты құжатты бекіткен соң өткізіледі», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.