Алматыда «Қалаға таза ауа» айлық акциясы басталды
АЛМАТЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласы табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау басқармасы «Қаламызға таза ауа» айлығының аясында баспасөз турын ұйымдастырды.
Тур барысында БАҚ өкілдері Алматыдан 13 шақырым жерде жол полициясы қызметкерлерінің қаладағы автокөліктердің ауаны ластау деңгейін анықтайтын автотест жүргізуіне куә болды. Сонымен бірге, екінші қалалық жылу электр стансысы маңында ауаның ластану деңгейін анықтаумен айналысатын қалалық құтқару қызметінің арнайы жылжымалы химиялық-радиоактивтік зертханасы қызметінің жүргізілу барысымен танысты. Үшінші кезекте БАҚ өкілдері ресейлік «Газпромнефть» компаниясының еншілес «Газпромнефть - Қазақстан» компаниясының көлік жанармай бекеттерінің бірінде жанармай сапасын анықтау сәтін бақылады.
Қалалық табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Батырбаевтың айтуына қарағанда, өткен жылдармен салыстырғанда, Алматы ауасының ластану деңгейі біршама кеміген.