Алматыда қалалық ақындар айтысы өтеді

АЛМАТЫ. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда ертең, қазан айының 31-і күні Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда «Алматы- тәуелсіздігіміздің алтын бесігі» деген тақырыппен қалалық ақындар айтысы өтеді.

Алматыда  қалалық ақындар айтысы өтеді

Еліміздің өнері мен мәдениетінің орталығында өтетін дүбірлі додаға Алматы қаласында тұратын, осында еңбек етіп, білім алып жатқан 12 ақын қатысады.

Айтыстың басты мақсаты - Астана қаласында өткізілетін республикалық ақындар айтысына жолдама алатын ақындарды іріктеу.

Айтысқа филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов бастаған ақын-жазушылар және қалалық мәдениет басқармасы өкілдері қазылық жасайды. Айтысты осы өнердің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізеді.

Жүрсін Ерманның айтуынша, айтыстың көздейтін мақсаты - айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа паш ете отырып, оның мемлекеттік деңгейде дамуына қолдау көрсету, елдегі халықтар достығын, береке-бірлікті және саяси тұрақтылықты дәріптеу, талантты, дарынды жас ақындардың көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, шеберліктерінің шыңдалуына ықпал ету, айтыс өнерін одан әрі дамыта отырып, болашақ ұрпаққа жеткізу.