Алматыда қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясы өтті

АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) XVI сессиясы өтіп, онда 2011 жылғы жоспарлар талқыланды.

Алматыда қалалық  Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясы өтті

Жиынды қала әкімінің орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Серік Сейдуманов ашты. Өз сөзінде ол Ассамблеяның мемлекеттіміздегі ұлттық саясаттың маңызды бөлігі екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол биылғы жылдың тәуелсіз ел тарихындағы ең ерекше жыл болғандығына тоқталды. «ЕҚЫҰ саммиті мен Астана декларациясының қабылдануы Қазақстан төрағалығының табысты өткендігінің қорытындысы. Декларация Елбасының беделі арқасында делегациялар арасындағы келіспеушіліктер мен түрлі көзқарастарға қарамастан қабылданды», - деді қала әкімінң орынбасары. Ол сондай-ақ ассамблея мүшелеріне алдағы жылдың да маңызды оқиғаларға толы екендігін атап өтті. «Ең басты міндет - қысқы Азия ойындарын табысты өткізу»,- деді ол.

Отырыс барысында қалалық дағыстандықтар қауымдастығының төрағасы Мусаннип Увайысов пен қалалық орыс қауымдастығының төрағасы Всеволод Лукашевтің есебі тыңдалды. Сондай-ақ ассамблея құрамына жаңа мүшелерді қабылдау, төрағаның екі жаңа орынбасарын сайлау мәселелері талқыланды.