Алматыда қалалық сенбілік кейінге шегерілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жалпықалалық сенбілік кейінге ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласының әкімдігі жалпықалалық сенбілікті кейінге шегерді.
«19 наурызға жоспарланған жалпықалалық сенбілік ауа райының нашарлауы, яғни, ауа температурасының төмендеуі және күтілетін жауын-шашынның салдарынан кейінге ауыстырылды. Алдағы уақытта сенбіліктің өтетін күні мен уақыты қосымша хабарланатын болады»,- делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін қалалық әкімдік 19 наурызда Birge – taza Qazaqstan республикалық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтетінін жариялаған еді.