Алматыда қаламгер Софы Сматаевтың мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Софы Сматаев – 80 жаста. Алматыда қаламгердің мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеш «Meн жеңемін!» театрландырылған қойылымымен ашылды. Қойылымға Софы Сматаевтың өзі және М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының әртістері қатысты. Шығармашылық кеш осы театр сахнасында өтті.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Софы Сматаевқа арналған құттықтау сөздерін оқыды. Онда мерейтой иесінің қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі атап өтілген.

Бақытжан Сағынтаев өз құттықтауында жазушының қазақ әдебиеті классиктері мен сыншыларының шығармаларын зерттеу саласындағы еңбектерін де ерекше атап өтті. Софы Сматаев — жазушылық өнерге берілген қаламгерлердің бірі. Қала әкімі мерейтой иесі мен оның жақындарына мықты денсаулық, шығармашылық табыс және бақ-береке тіледі.

Шаһардың дамуына қосқан үлесі үшін Софы Сматаев Алматы қаласы әкімдігінің «Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтқандай, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен сөз шеберлерінің 30 түрлі кітабы жарық көрді, олардың жалпы таралымы 65 мың дана. Оның ішінде мерейтой иесі Софы Сматаевтың 25 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Кітаптар қала кітапханаларына қойылды.


Соңғы жаңалықтар