Алматыда қалың қар жауады: Құтқарушылар ескерту жасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 15 ақпанда қалың қар жауады. Бұл туралы Қазгидрометтің дауылды ескертуіне сүйене отырып қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
15-16 ақпанда қалада тұман түседі. Жолдарға қар жауып, көктайғақ болады.
Алматы аумағына іргелес тауларда да қар жауады деп күтіліп отыр.
Осыған байланысты қалалық төтенше жағдай департаменті алматылықтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
«Электр желілерінен, ағаштардан және жеткілікті күшейтілмеген құрылыстардан алшақ жүруді сұраймыз. Қар жауғанда жолдан өту кезінде ерекше сақ болуды ескертеміз. Айналаңызға қарап жүріңіз, күтпеген кілт қозғалыс жасамаңыз және көлік жүргізушілеріне жолда қауіп тудырмаңыз», - деп ескертті Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде.