Алматыда қамаудағы әйелді зорлаған күдікті 2 ай мерзімге тұтқындалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мекемесінің тергеу абақтысында жазасын өтеп жүрген Наталья Селекишинаны зорлаған күдікті екі ай мерзімге тұтқындалды.
«Алматы қаласының №2-ші Медеу аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 362-ші бабы 4-ші тармағының 1-ші бөлігі (қызмет бабын асыра пайдалану) және 120-шы бабы 2-ші тармағының 4-ші бөлігінде (зорлау) қарастырылған құқық бұзушылықтарды жасаған деген күдікпен ұсталған тұлғаға қатысты қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасын санкциялады. Аудандық сот Х. Р.-ға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасын санциялау туралы қаулы шығарды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетелік, сотталушы Наталья Селекишина биыл шілде айының басында қамауда топтық зорлаудың құрбаны болғандығын, соның салдарынан қыз босанғандығын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, түрме басшылығы алғашында зорлау туралы істі жасырмақ болған. Алайда, сараптама қылмыстық іске қатысты тұлғалардың бірінің әкелігін растады.
Зорлау оқиғасы ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мемлекеттік мекемесінің тергеу абақтысында болған. Наталья Селекишинаның айтуынша, осы мекеменің төрт қызметкері оны зорлаған.