Алматыда кәмелетке толмаған сотталушылардың жер астын қазып, топтап қашу әрекетінің жолы кесілді
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнде кәмелетке толмаған қылмыскерлердің респуликадағы бірден-бір алматылық колониясында сотталушылардың топтық қашу әрекетінің жолы кесілді,
деп хабарлады Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінен.
Департамент бастығы Бақытжан Сәдібековтің айтуынша, қазіргі кезде жер астын қазып қашпақшы болған жасөспірімдердің дәл саны және оны ұйымдастырушылар нақтылануда. Жер астынан ұзындығы төрт метр, тереңдігі екі метр болатын қазылған шұңқыр анықталды.
Еске сала кетейік, ҚАЖ қызметкерлерінің сауатты жұмысының арқасында бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде өткен аптада болған бес адамнан құралған сотталушылардың осындай әрекетінің дер кезінде жол кесілген болатын, деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі.