Алматыда кәмелетке жасы жетпеген жүргізуші жаяу жолаушыны қағып кетті
АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда жасы әлі 18-ге толмаған «Мерседес» көлігінің жүргізушісі Розыбақиев көшесінің бойында жолды кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні басып кеткен,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД-не сілтеме жасап. «Ер адамды қағып өткен соң, көлік басқарушы жылдамдығын тоқтата алмай, жол жиегіндегі арыққа барып тірелген. Оқиға орнында қаза тапқан жаяу жүргінші 32 жасар Алматы тұрғыны болып шықты», - дейді Алматы ІІД Жол полиция басқармасының бастығы, подполковник Александр Васильев. «Мерседес» көлігі иесінің айтуынша, ол - Астана қаласының тұрғыны. Алматыға ағайындарына қонаққа келген. Әкесінің қызметтік автокөлігі Алматыда екендігін білгеннен кейін, ол өз бетімен қыдыруды жөн көреді. Өзі небәрі 17 жаста және жүргізушілік куәлігі жоқ. Жасөспірімнің сөзіне қарағанда, ер адам жол бойына күтпеген жерден шыққандықтан ол тежегішті басып үлгермеген. Жол полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының себептерін анықтап жатыр. Алматы ІІД Жол полициясы басқармасында кісі өліміне әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.