Алматыда қамыстан салынған үй өртенді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Түрксіб ауданындағы Мерқұлов көшесінде орналасқан жекеменшік үй өртке оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қамыстан салынған үй өртенді

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай туралы хабарлама түскі 13:37-де түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде үйдің каркас пен қамыстан соғылған шатыры өртеніп жатқан.

Дер кезінде келген өрт сөндірушілер жапсарлас орналасқан үйлерді жалын шарпуына жол бермей, үйден 3 газ баллонын алып шықты. Өрт 14:01 шамасында ауыздықталып, өшірілді.

Тілсіз жау 240 шаршы метр аумақты жарамсыз етті.

Өртті сөндіруге 24 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайдан ешкім жапа шеккен жоқ.