Алматыда қан айналымы ауруынан болатын өлімді азайту мәселесі қаралды

Алматы.16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда бүгін еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қан айналым жүйесі ауруынан өлетіндер мөлшерін төмендету мәселесі талқыланды.

Алматыда қан айналымы ауруынан болатын өлімді азайту мәселесі қаралды

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры Жеткерген Арзықұлов осы бағытта жасалып жатқан шараларының жоспарымен таныстырып өтті. "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдарда қан айналым жүйесі ауруынан болатын өлімді азайту көзделген. Бұл аурудың түрі жұртшылыққа қатер төндіруде, яғни адамның мүгедек болуы мен ересек адамдардың өліміне әкелетін басты себеп»,-дейді ол.

Оның айтуынша, осы ауру түрінен көз жұматын адамдар саны соңғы 10 жылда еш өзгермеген, керісінше өсуде екен. Мәселен 2010 жылы өлім көрсеткіші елімізде 100 мың адамға шаққанда 403,99 құраған. Ал оңтүстік аймақта 100 мың адамның - 390,3-і осы дерттен көз жұмған

Жиын барысында оңтүстік аймақтың ресурстарына талдау жүргізіліп, кардиохирургиялық клиниканың деңгейі мен облыстық клиникалар алдындағы тапсырмалар анықталып, кадрлар мөлшері, құрылғылармен жабдықталу мәселесі мен оған деген сұраныс жағы сөз болды.

Сонымен қатар жиын барысында кадрлардың білімін жетілдіру мен оларды дайындау бағдарламасын құру, материалдық-техникалық жағын жақсарту сөз болды.