Алматыда қандай жағдайда жаңа троллейбустар сатып алынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық мобильділік басқармасы мегаполиске қандай жағдайда жаңа троллейбустар сатып алынатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қандай жағдайда жаңа троллейбустар сатып алынады

«Алматы қаласындағы троллейбус және кабель желілерін жаңғырту» жобасы аясында 6-10 кВ және 600 кабельдік желіні ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«2020 жылға жоспарланған кейбір жұмыстар пандемияға байланысты 2021-2022 жылдарға шегерілді. Жаңарту аясындағы барлық жұмыс көлемі аяқталғаннан кейін, бар проблема шешілетін болады», - деп атап өтті басқармадағылар.

Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда троллейбус паркінде 2013-2014 жылдары сатып алынған троллейбустар бар.

«Қазір қалада жүріп жүрген троллейбустарға сегіз жыл болды. Бюджеттен қаражат бөліне салысымен жаңа троллейбустар сатып алынады», - деп хабарлады басқармадан.

Басқарма ұсынған статистикаға сәйкес, айына орта есеппен бес рет кабельдің істен шығуы тіркеледі.