Алматыда қант бағасы екі есе өсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда азық-түлік қымбаттап жатыр. Бұл туралы мегаполис басшысы Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда  қант бағасы екі есе өсті

«Алматыда бағаның жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Жыл басынан бергі 6 айдың қорытындысы бойынша инфляция – 10,3%. Инфляцияның негізгі үлесі бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі есебінен қалыптасты, ол 16,4 пайызға жетті», - деді Алматы әкімі.

Оның айтуынша, қант бағасы 2 есе өсіп, қазір 560 теңгеден сатылып жатыр.

«Бұдан бөлек, пияздың бағасы 156 теңгеге дейін көтерілді. Нан 95 теңге, сүт 18%-ға өсті. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі – 2,2 проценттік тармақ. Жұмыртқа бағасы 0,4%-ке төмендедіп, 460 теңге тұрады», - дейді Ерболат Досаев.

Қазір қалада сиыр еті 2 350 теңгеден саудаланып жатыр. Сары май 5,6 пайызға өсті, келісі – 3 400 теңге.

«Жеткізу тізбегінің бұзылуы және теңге бағамының тұрақсыздығына байланысты инфляция әлі де жоғарылауы мүмкін», - дейді Ерболат Досаев.