Алматыда «Қант диабетіне тексеріл және диабет қатерін анықта!» атты тегін акция өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -14-ші қараша Бүкіләлемдік диабетке қарсы күн. Алматыда осы күнге орай Республика сарайында Алматы қаласы әкімдігі мен «Диабет ауруымен ауыратындарды қолдау қоры» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен «Қант диабетіне тексеріл және диабет қатерін анықта!» атты тегін акция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акцияға қатысушылар эндокринолог-дәрігерлерге тексеріліп, қандағы қант диабетінің жеделдігін анықтай алады. Сонымен қатар, қосымша ЭКГ, УЗИ және тағы да басқа тексерулерден өте алады.
Қант диабеті созылмалы аурулар қатарына жатады. Диабет (лат. diabetes mellitus) - бұл қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Бұл аурумен жас та, кемел жастағылар да, кәрі де ауырады. Әсіресе, жасөспірім кездегі диабет ауруы өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі, инсулин қолдану ұсынылады. Әйтсе де бұл ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, толыса бастаған адамдарға тән болып келеді.