Алматыда Қаныш Сәтбаевқа арналған көрме өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 13-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Маусымның 17-сінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражайда ҚҒА-ның тұңғыш президенті, отандық металлогения мектебінің негізін қалаушы, белгілі қоғам қайраткері, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған мерейтойлық көрме ашылады және «дөңгелек үстел» отырысы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көрмеге ғалымның жеке дүниелері - жазу столы, таяғы, қол сағаты, домбырасы, наградалары және т.б. заттары қойылады. Мұражайға келушілер сонымен бірге, «Геолог шатыры», «Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты» атты экспозициялармен және Орталық Қазақстанның металлогениялық картасын тамашалай алады. Қаныш Имантайұлы ? қазақ ғылымы мен мәдениетіне, білімі мен руханиятына, ұлттың қоғамдық-әлеуметтік өміріне ерен еңбек сіңірген тұлға. Ол еліміздегі көптеген кен орындардың ашылуына себеп болған. Ғалымның зерттеу еңбектерінің негізінде Жезқазғанда ірі мыс кені ашылды. Қарағанды металлургиялық зауыты, Алтай темір және марганец, Қаратаудағы фосфорит кендері анықталып, Ертіс ? Қарағанды каналы қазылды. Қаныш Сәтбаевтың мәдениет және әдебиет саласында да қалдырған мол мұрасы бар.