Алматыда қар жинауға 500-ден астам техника және 1400 адам жұмылдырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жолдарына қар жиналып, мұз қатып, көктайғақ болуына байланысты қала тұрғындарына ескерту айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қар жинауға 500-ден астам техника және 1400 адам жұмылдырылады

Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден сақтық шараларын сақтауды өтінді.

«Бүгін кештен бастап 4 қарашаға дейін Алматы қаласында арты қарға айналатын жаңбыр жауады. Ауа температурасы минус 12 градусқа дейін төмендейді деп күтіліп отыр. 4 қараша күні таңертең тұман түседі, жолдарда көктайғақ болып, күндіз минус 6 градусқа дейін аяз болады»,- деп мәлімдеді басқармада.

Қар тазалау жұмысына барлығы 517 арнайы техника және 1400 жол жұмысшысы жұмылдырылады.

Көктайғақты алдын алу мақсатында бекітілген орындарда кешкі уақыттан бастап 185 құм шашатын машинаны кезекшілікке қою жоспарланды.

«Жүргізушілер жылдамдықты бәсеңдетіп, көлік арасындағы қашықтықты арттырғаны абзал. Олар кенеттен маневр жасаудан аулақ болғаны, ал жүргізу тәжірибесі аз жүргізушілер көлікпен жүруден бас тартқаны жөн»,- деп нақтылады басқарма.