Алматыда қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан көлік жүргізушісі ұсталды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қапшағай қаласының тұрғыны өзінің уақытша таксист қызметін одан ары табысты етуді ұйғарып, кеш қалған 24 жасар жүргіншіні тонаған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Тергеу жұмыстары барысында белгілі болғандай, таңғы сағат 4-те 1-ші Алматы вокзалы маңына жету үшін Гоголь көшесі бойынан қыз бала такси тоқтатқан. «Ауди» маркалы көлік оны жеткізіп салуға келісіп, салонға кірісімен қызды ұрып есінен айырады. Қыз есін жиғанда қала шетінде жатқанын байқайды, дегенімен қарсыласудың еш қажеті жоқтығын түсініп жүргізушінің талабы бойынша алтын сырғасын, сақинасын, сөмкесіндегі бар ақшасын және ұялы телефонын беруге мәжбүр болады. Содан жүргізуші оны көліктен шығарып, адам қарасы көрінбейтін жерге тастап кеткен», дейді Медеу аудандық ІІБ-ның бастығы полиция полковнигі Бақыт Қасабеков.
Жүргізушінің құрбанына айналған қыз еш қамықпастан жақын маңдағы ЖЖС-на барып операторға жедел жәрдем шақыруды және шабуыл жасалғандығы жөнінде полицияға хабарлауды өтінген. Бірнеше сағат өткен соң жедел шолғыншылар тонаушының кім екенін анықтаған. Ол Қапшағай қаласындағы ықшам аудандардың біріндегі өз пәтерінде құрықталған.
«Белгілі болғандай, бұл жүргізушінің жасаған бірінші қылмысы емес екен. Күдіктінің үйінен оның басқа да тонаушылық әрекеттерге барғандығын дәлелдейтін айғақтар табылған. Қазір оның үстінен қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалуда», деп атап өтті Б. Қасабеков.