Алматыда карантин ережесін бірнеше рет бұзған бар жұмысы тоқтатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда карантин талаптарын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшір мобильді топтардың рейдтері жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда карантин ережесін бірнеше рет бұзған бар жұмысы тоқтатылды

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзғаны және осы бағыттағы ескертулерді елемеуіне байланысты «Артист» («Bm Trade Company» ЖШС) барының жұмысы тоқтатылды.

Мониторинг топтары жүргізетін тексеру іс-шараларының нәтижесінде жұмыс кестесін сақтамау және адамдардың жаппай жиналуына жол беру сияқты заңбұзушылықтар анықталды. «Артист» барында 300-ден 500-ге дейін адам болған.

Соңғы деректер бойынша, Алматы қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың 18 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның 389-ы өліммен аяқталған.

8 қазан мен 28 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 79,2 млн теңгеге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 981 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, 16 материал сотқа берілді.

Еске салайық, биылғы жылдың 25 желтоқсаннан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін күшейтілген шектеу шаралары жұмыс істейді. Осы кезеңде жаппай жұқтыруға ықпал ететін ойын-сауық, спорттық және басқа да іс-шараларды, соның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынған.

Алматы әкімдігі қала тұрғындарын коронавирус инфекциясы бойынша тұрақты жағдайды сақтау мақсатында мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырады.