Алматыда карантин талабын бұзған дәмхана мен караоке анықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының мобильді топтары күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мегаполисте 1 маусымнан 2 маусымға қараған түні белгіленген шектеулерді «Табыс» дәмханасы мен «Cinema Оскар» караокесі бұзған.
Әуезов ауданының мониторинг тобы түнгі сағат 02.00-де жұмыс істеп тұрған «Ақсай-4» шағын ауданындағы «Сinema Оскар» караокесін анықтады.
«Аталған караоке мекемесі заңды бірнеше рет бұзған. Бұған дейін залдағы адам санының көптігі мен маска тағылмағаны үшін айыппұл төлеген. Енді жұмыс режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте бұл нысанға Ashyq жобасы бойынша жұмысқа рұқсат берілді. Алайда, әкімшілік қосымшаның мүмкіндіктерін пайдаланбайды. Сондықтан бұл мекемені жоба аясында жұмыс істеу құқығынан айыру туралы мәселе көтерілді»,- деп атап өтті мониторинг тобының өкілдері.
Сонымен қатар, караокеде барлығы 20-ға жуық адам болды. Әрқайсымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сол түні Алатау ауданының бақылау тобы «Табыс» дәмханасы маскасыз жүрген қызметкерлерді анықтады.
Жыл басынан бері тексерушілер 23 мыңнан астам нысанды тексерді. Онда 2200-ден астам карантин шараларын бұзған жағдайлар анықталды. Қасақана бұзушыларға қатысты 74 материал сотқа жолданса, оның 54-і бойынша қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Жалпы биыл карантинді бұзғандарға қатысты 4409 хаттама толтырылды.