Алматыда карантин талаптарын сақтамаған 45 нысанның қызметі тоқтатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда карантин талаптарын сақтамағандар жауапқа тартылууда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда карантин талаптарын сақтамаған 45 нысанның қызметі тоқтатылды

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы міндетін атқарушысының орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың мәліметінше, ағымдағы жылы қалада 50 849 нысан тексеріліп, оның 4724 нысанында карантиндік шектеулердің сақталмағаны анықталды.

«Карантиндік шектеу критерийлерін бұзғаны үшін 793 заңды тұлғаға жалпы сомасы 277 млн теңге, маска режимін бұзғаны үшін 6 234 тұрғынға 274,2 млн теңге айыппұл салынды. Соттар карантиндік шараларды қасақана бұзған 45 нысанның қызметін тоқтатты. Қоғамдық көлікті тексеру барысында маска режимін бұзған 849 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Теміржол вокзалдарында 17 адамға және әуежайда 19 адамға айыппұл салынды», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, Алматыда індет басталғалы бері КВИ-дің 183,2 мың жағдайы, оның ішінде 164 мыңы биыл тіркелген.