Алматыда карантинге қарамастан мейрамханаларда той өткен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бір апта ішінде Алматыда карантин шараларын бұзғаны үшін 40-қа жуық кәсіпкерлік нысанына айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде мониторингі тобы бір аптада 39 нысан мен 83 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғанын анықтады. Оларға жалпы 16 млн 376 мың теңге айыппұл салынды. Әкімшілік соттың қарауына 1 материал жіберілді.

Кәсіпкерлік субъектілерінде негізінен дезинфекция құралы болмаған, жұмыс режимі, маска режимі бұзылған.

«Алматы қаласы Түрксіб ауданының мониторинг тобы «Ламази» мейрамханасында 60 адамға арналған құдалық өткенін анықтады. Осыған ұқсас заңбұзушылық Медеу ауданындағы «Айлина» мейрамханасында тіркелген. Кәсіпкерлерге хаттама толтырылып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді департамент өкілі.

17 тамыздан бастап осы уақытқа дейін мониторинг топтары 9 мыңнан астам тексеруге барды. Әкімшілік бұзушылықтар туралы 3 756 хаттама толтырылды. Өз еркімен 1 635 нысан қызметін тоқтатты. Маска режимін бұзғаны үшін - 3 366 жеке тұлғаға, оның ішінде Арбат аумағында 69 адамға айыппұл салынды. Қоғамдық көлікте 27 тамыздан бері маска тақпағаны үшін 61 жеке тұлғаға айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 6 мониторинг тобы карантин шараларының сақталуын бақылауда. Оның құрамына әкімдік өкілдері, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, сондай-ақ полиция қызметкерлері кіреді.


Соңғы жаңалықтар