Алматыда «Қарап отырма!» республикалық акциясының қорытындысы шығарылды

АЛМАТЫ. 15 шілде. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласында 11-15 шілде аралығында ІІО-да арнайы есепте тұратын балалар мен жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстардың алдын-алуға бағытталған республикалық «Қарап отырма!» атты акциясы болып өтті.

Алматыда «Қарап отырма!» республикалық акциясының қорытындысы шығарылды

Акция барысында Алматыда тіркелген жағдайы төмен 1000 отбасында 1300 жасөспірім тәриеленіп жатқандығы анықталған.

«Бұл акция барысында біз жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне келіп, арнайы есепте тұратын балаларды жазғы демалыс кезінде түрлі спорттық үйірмелерге баулу мен жазғы демалыс лагерьлеріне жіберу үшін түрлі шаралар ұйымдастырдық. Іс-шара барысында 36 жасөспірім қала маңындағы лагерьлерге жіберілсе, 15 бала аула клубтарындағы спорт үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік алды», - деді Алматы қаласы ІІД-нің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айгүл Шөпшекбаева.

Ол сонымен қатар: «Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар халық көп шоғырланатын орындар мен кафелерде, түнгі ойын-сауық ошақтарында, рейд жүргізіп, көше бойында тентіреп, қайыр сұрап жүрген балаларды әшкереледі», - деді. Ол шаралардың арқасында кәмелетке жасы толмаған 38 баланың 3-уі жұмысқа тартылғандықтары анықталып, толық мәліметтер халықты әлеуметтік қорғау басқармаларына жөнелтілген. Енді жасөспірімдердің еңбек күшін пайдаланған жұмыс берушілерге қатысты міндетті түрде тиісті шаралар қолданылмақ.

Акция барысында сондай-ақ, түнгі уақыт ішінде де кешенді тексерулер жүргізілген. «Түнгі сағат 23.00-ден кейін қала көшелерінде ата-анасының қарауынсыз жүрген 60-тан аса жасөспірім полиция органдарына жеткізіліп, олардың ата-аналарына айыппұл салынды. Қазіргі кезде 905 бала арнайы есепке алынды. Оларға қатысты түрлі шараларды ұйымдастыруға қалалық әкімшілік 120 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Ал, жағдайы төмен отбасынан шыққан 1642 бала қала сыртындағы әртүрлі лагерьлерде демалуда. Мектеп жанынан ашылған түрлі үйірмелерге 8 мың жасөспірім қатысса, аула клубтарына 4,5 мың оқушы баруда», - деді полковник А. Шөпшекбаева. Оның айтуынша, «Қарап отырма» акциясының соңғы күндері тағы да 14 жағдайы төмен отбасы анықталып, олардың 3-уіне қатысты ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралуда.

Кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі инспекцияның мәліметіне қарағанда, қала бойынша жазғы демалыс кезінде тағы да 143 401 бала түрлі шараларға қатыстырылатын болады.