Алматыда каратэ-додан халықаралық турнир өтеді
АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайында каратэ-додан (WKF ) ІІ «KAZAKHSTAN OPEN - 2012» халықаралық турнирі өтеді.
Оны ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі, Алматы қаласының және Алмалы ауданының әкімдіктері, Республикалық және қалалық каратэ-до федерациялары бірлесіп ұйымдастырып отыр. Биыл екініш рет өтетін байрақты жарысқа Жапония, Түркия, Сингапур және бірқатар жақын шет елдерден спортшылар келді. Оның құрметті меймандарының арасында Жапонияның каратэ-до федерациясының төрағасы Курихара, Жапонияның шито-рю кратэ-до федерациясының техникалық директоры Нозава бар.
2011 жылы Қазақ жерінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл халықаралық турнирге Қытай, Вьетнам, Түркия, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның каратэшілері келген болатын. Онда Азия каратэ-до федерациясының президенті Чанг, Бас хатшы Ванг пен Төрешілер алқасының төрағасы Лим қонақ болып қатысқан еді. 2010 жылы Гуанжоуда өткен ХV Азия ойындарында Дархан Асаділов пен Ринат Сағындықов алтын, ал Халид Халидов қола жүлдемен оралған еді. Қазақстандық каратэшілерден мұндай жоғары спорттық нәтижеге қол жеткізуі ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі мен ҚР Каратэ-до федерациясының дәстүрлі түрде жыл сайын халықаралық турнир өткізу туралы шешім қабылдауына түрткі болған болатын.