Алматыда «Қаражорға өнер ұжымының» кезекті концерті өтті

АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыда шетелдік қандастарымыз құрған «Қаражорға өнер ұжымының» кезекті концерті өтті.

Алматыда «Қаражорға өнер ұжымының» кезекті концерті өтті

Қазақтың төл ұлттық биі «Қаражорға» негізінде құрылған бұл ұжым түрлі мамандықтарды меңгерген өнерлі жастардан құралған. Ұжым құрамында ұлттық би, дәстүрлі ән-күй орындаушыларымен қоса танымал эстрада әншілері де бар.

«Бұл мәдени шараның мақсаты шетелден оралған қазақ жастарының атамекенге тезірек бейімделуіне, талантты жастарды таңдап өнерлерін шыңдай отырып, шетелдегі қандастарымыз ала келген халқымыздың бай рухани құндылықтарын кеңінен насихаттауға мұрындық болу», дейді аталмыш ұжымның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қабдолла Тасқынбек.

Концерт барысында көрермендер «Бұлбұл құсым», «Қара көзім» әндерімен қазақ жұртына танымал Ахметжан Рабжанұлының, «Мақпалжан», «Бүлдірген қыз» әндерімен белгілі Қажымұрат Шешенқұлұлының және Атамекеннен жырақта жүрген жастардың елге ала келген өнерлеріне куә болды. Сондай-ақ көрермендер ұжым бишілерінің «Қаражорға» биін де тамашалады.